Жаз мезгілінде көкке шығып демалушылар да, суға түсушілер де көбейетіндігі белгілі. Көп жағдайда қауіпсіздіктің алдын алмастан опық жеп жататындардың баршылығы жасырын емес. Сондықтан да «сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы жанымызға жақын ұстағанымыз абзал. Біздің облыс солтүстік азиаттық риккетсиоздың табиғи ошағы болып табылады. 2018 жылы 9 адамды кене шаққан және кене бөртпе сүзегінің 1 жағдайы тіркелді.
Кенелердің белсенділігі сәуір айының соңғы күндерінен бастап жаз бойы қауіп туғызады. Өйткенi кененiң көбейетiн кезi – осы уақыт. Инкубациялық кезеңі 3-7 күн күн. Бұл жағдайда науқас адамның дене қызуы 38 С-қа дейiн көтерiледi, басы қатты ауырып, бұлшық еттерi сыздайды. Бiрақ, оның ауыр түрлерi де кездеседi. Бұл кезде дене қызуы 39-40 С-қа дейiн көтерiледi, құсқысы келедi, мойнының, қолы мен аяғының бұлшық еттерi сыздап, ауыр тартады.
Кенелерден сақтану үшiн төмендегi ережелердi есте ұстағаныңыз дұрыс. Егер кенелер өмiр сүретiн қауiптi аумақта болсаңыз, ашық түстi киiм киiңiз. Шалбарыңыздың балағын носкидiң iшiне, жейдеңiздi шалбардың iшiне салып және мiндеттi түрде кененiң бар-жоғын бiлу үшiн бiр-бiрiңiздi мұқият тексерiңiздер. Сонымен қатар аэрозоль, крем, эмульсия түрінде шығарылған : ДЭТА, «Тайга», «Комарекс», «Гардекс», «Гардекс клещ» және т.б. (репелленттерді) қорғағыш құралдарды пайдаланған жөн.
Егер денеңiзден кененi байқап қалсаңыз, саспаңыз. Кенеге өсiмдiк майын тамызу қажет. Кененiң тұмсығын жiппен орап алып, ырғақты қозғалыспен жайлап денеден шығарып алу керек. Кененi денеден күрт тартып алу – вирус жұқтыру қаупiн арттырады. Шаққан жерiн йодпен немесе спиртпен сүрту қажет. Қолды сабынмен мұқият жуу керек. Сонымен қатар жақын маңдағы емханаға барып тексерілген жөн.