Бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану және қатыгездік әрекеттері үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленген Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілетін түзетулер топтамасын қабылдады.
Заң жобасы Қылмыстық кодекске қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа бап енгізуді көздейді.
Ұсынылып отырған нормаларға сәйкес:
- күш қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді;
- аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайлармен жасалған жағдайда жаза қатаңдатылып, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде белгіленеді;
- өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес күш қолданғаны үшін 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді;
- өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолданғаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.
Сонымен қатар, заң жобасында Қылмыстық-процестік кодекске осы санаттағы істер бойынша алдын ала тергеп-тексеру мен анықтауды ішкі істер органдарының құзыретіне бекіту нормасы енгізіледі.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке медицина қызметкерлеріне күш қолдану және қатыгездік көрсету арқылы жасалатын шабуылдар үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірлеуді тапсырған болатын.
