Онкологиялық аурулармен күрестің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асырудың негізгі нәтижелерін және елдің онкологиялық қызметін одан әрі дамытудың басым бағыттарын бүгін Қазақ онкология институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты.
Қазақстанда онкологиялық көмек көрсету денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі болып қала береді. 2024 жылы елде қатерлі ісіктердің 41 292 жаңа жағдайы тіркелді, бұл соңғы 10 жылдағы орташа көрсеткіштен 3,2%-ға жоғары.
Сырқаттанушылықтың өсуіне қарамастан, соңғы онжылдықта өлімнің 32,9%-ға төмендеуінде оң динамика байқалады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 236 624 онкологиялық пациент динамикалық бақылауда тұр, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға артық (22 380 пациент), оның 55%-дан астамы еңбекке қабілетті жастағы адамдар.
Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін «Онкологиялық аурулармен күрестің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары» іске асырылуда, оның шеңберінде профилактикадан (скринингтерден) бастап жоғары технологиялық диагностика мен мамандандырылған емдеуге дейінгі негізгі бағыттарды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Қазақстанда 2 ұлттық және 20 өңірлік онкологиялық орталық жұмыс істейді. Кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде бүгінде еліміз бойынша Varian және Elekta жетекші әлемдік өндірушілерінің 27 заманауи желілік үдеткіші орнатылды және Орталық Азиядағы жалғыз протондық терапия орталығы, Gamma Knife жұмыс істеуде.
2024 жылы сәулелік аппараттар паркі емдеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтетін 6 жаңа сызықтық үдеткіштермен толықтырылды.
Алдағы екі жылда тағы 10 заманауи аппарат орнату жоспарлануда. Төрт сызықтық үдеткішпен және Протон орталығымен жабдықталған Ұлттық ғылыми онкология орталығы (ҰҒОО) толық жұмыс істей бастайды.
Осылайша, 2028 жылға қарай қазақстандық медициналық мекемелердің сәулелік терапияға арналған заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы 85%-ды құрайды, бұл онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын едәуір жақсартады.
Ядролық медицина орталықтарының желісін кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде: Ақтау мен Қызылордада құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуда, Өскемен мен Ақтөбеде орындар анықталды, ал Қарағандыда ЖСҚ бекітілді.
2025 жылы Ақтау, Қызылорда және Ақтөбеде, 2026 жылы Қарағанды мен Өскеменде орталықтарды іске қосу жоспарлануда.
Клиникалық хаттамаларға таргеттік және иммуно-онкологиялық препараттардың 45 түрі енгізілді, роботтандырылған хирургия, 3D протездеу, интервенциялық хирургия енгізілді, жатыр мойны, сүт безі және колоректалдық обырды ерте анықтау үшін скринингтер іске асырылуда.
Сонымен қатар, фтор мен галлийдің негізіндегі жаңа диагностикалық радиофармпрепараттар енгізілуде, бұл ПЭТ диагностикасының дәлдігін арттыруға және пациенттердің маршруттауын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ амбулаториялық жағдайда ісік ауруларын емдеу үшін лютеций мен самарийдің радиоактивті изотоптарының негізінде препараттарды енгізу жоспарлануда.
Ерте анықтаудың негізгі құралдарының бірі скринингтік жүйе болып қала береді. Онкологиялық скринингтердің шеңберінде Қазақстанда жыл сайын 2,8 миллионға жуық адам зерттеліп-қаралады. Осының арқасында қатерлі ісіктердің 2800-ден астам жағдайын негізінен ерте кезеңдерде диагностикалауға болады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша зерттеп-қараулардың нәтижесінде: қатерсіз және ісікке дейінгі аурулардың 237 130 жағдайы (8,3%), скринингтен өткендердің жалпы санынан обырдың 2 842 жағдайы (0,10%) анықталды.