Бүгінгі таңда Қазақстанда адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинамен 11-13 жас аралығындағы 54,5 мыңнан астам қыз егілді.
Қазан айының басынан бастап республикада жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы 11 жастағы қыздарға вакцинация жүргізілуде. Сондай-ақ, 12 жастан 13 жасқа дейінгі қыздар үшін толықтыра иммундау жүргізіледі.
Өңірлер бойынша АПВ-ға қарсы вакцинациялау бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр, онда 11,1 мыңнан астам қыз егілді, Шымкент қаласында 5,3 мыңнан астам оқушы вакцинацияланды, Қарағанды облысында 4,3 мыңнан астам, Жамбыл облысында 4 мыңнан астам, Астанада 3,7 мыңнан астам қыз вакцинацияланды. Вакцинацияланғандардың арасында иммундаудан кейін жайсыз көріністер тіркелген жоқ.
Қазақстанда екпелер мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Ата-аналардың өтініші бойынша вакцинация тіркелген жері бойынша емханаларда да жүргізілуі мүмкін. АПВ-ға қарсы профилактикалық вакцинация жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық аурулардың дамуына жол бермейді.
Қазақстанда жатыр мойны обыры (ЖМО) барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі екінші орындағы кең таралған ауру және сүт безі обырынан кейін жиі фертильдік жастағы (25-44 жас) әйелдер арасында өлім-жітімділіктің себебі болып табылады.