Қазақстанда қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталды.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 11 қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 -13 жас аралығындағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізілетін болады.
Екпелер мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің ақпраттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар, вакцинациялау ата-аналардың қалауы бойынша тіркелген жеріндегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.
Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдердің арасында таралушылығы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімі себептерінің жиілігі бойынша екінші орындағы обыр болып табылады. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ-ны жұқтыру болып табылатынын дәлелдеді.
Вакцинациялау обырдың аса қауіпті түрлерінің бірінен қыздардың денсаулығын сақтауға бағытталған. АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Қазіргі уақытта АПВ-ға қарсы вакцина Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанды қоса алғанда, әлемнің 135 елінде қолданылады. Бүгінгі таңда бірқатар елдерде вакцинациялаудың арқасында әйелдердің арасында АПВ-ның таралушылығы 90%-ға төмендеді.