Ел Президенті ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құруды тапсырды.
«Ол жүйе меншік түріне қарамастан мемлекеттік тапсырыс алатын барлық денсаулық сақтау ұйымдарын деректердің объективтілігі және тікелей қадағалаумен қамтамасыз етуі керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бүгін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен Мемлекет басшысының биылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруға арналған кеңейтілген аппарат отырысы өтті.
Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе медициналық ресурстарды басқару жүйесін жаңғыртуға, медициналық ұйымдар, кадрлар және техника тізілімін құруға, сонымен қатар ресурстарды жоспарлау мен мониторинг жүргізу жүйесін енгізуге бағытталған. Соған қоса негізгі қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етіп, лицензия алуға, медициналық деректерге қол жеткізуге және Денсаулық төлқұжатын алуға мүмкіндік беретін Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай порталы құрылады. Ақпараттарды жылдам алмасу үшін медициналық деректерді бірыңғай сақтау орнын құру көзделуде.
Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңі 2024 жылдың соңында, ал екінші кезеңі 2025 жылдың екінші тоқсанында аяқталады.